Қазақстан • 27 Сәуір, 2018

Астанада ҚХА ғылыми-сарапшы­лық кеңесiнiң отырысы өттi

398 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада «Қазақстан азаматтары­ның ұлттық бiрегейлiгi: сыртқы көзқарас» тақырыбында Қазақстан халқы Ассам­б­леясы (ҚХА) ғылыми-сарапшы­лық кеңесiнiң отырысы өттi.

 

Астанада ҚХА ғылыми-сарапшы­лық кеңесiнiң отырысы өттi

Алқалы отырысқа әлеуметтану ғылымдары­ның докторы Айгүл Сәдуақасова, Германиядан келген Шығысеуропалық және халықаралық зеттеулер орталығының ғылыми қызметкерi, доктор Беате Эшмент, «Діндерді зерттеу орталықтары» қауым­дастығының сарапшысы Шерзод Пулатов, «Қырғызстан-Астана» қырғыз этномәдени бір­лес­­тігінің төрағасы Шавкат Исмайылов, Қазақ­­стан Республикасы Президенті жанындағы Қазақ­­стан стратегиялық зерттеулер институты әлеу­меттік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина қатысты.

Басқосу Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІ сессиясы аясында ұйымдастырылды.Жиын басында сөз алған Айгүл Сәдуақасова шетелдік ғалымдардың Қазақстан жайлы пікірі­не баса назар аударды. Оның айтуынша, шетел­діктер негізінен егемендіктің алғашқы жылдары мен қазіргі кездегі жағдайды салыс­тырып барып ой қорытатынын тілге тиек етті. 

– Шетелдік ғалымдар сұхбаттарында, мақала­ларында Қазақстан туралы жылы лебіздерін жиі білдіріп жатады. Олар еліміздің жетістіктерін Мемлекет басшысының «Қазақстан – бәрiмiзге ортақ үй» деген тұжырымдамасының нәтижесi деп түсінеді. Бұл сырт көздiң, сыртқы сарапшы­лардың пiкiрi. Ал сырт көзден айтылған мұндай ой еліміздiң саясатына, тұрақтылығына берiлген жақсы баға, – дедi Айгүл Сәдуақасова.

Германиядан арнайы келген Беате Эшмент Орталық Азия елдерiнiң демократиялану үрдiсi мен ұлттық саясатын зерттейді. Бұдан бөлек, Қазақстандағы бiрегейлiктiң қалыптасуына, саны аз этнос өкілдерінің мүдделеріне қатысты мәселелерді зерделейдi.  

– Қазақстандағы ұлттық саясат, сондай-ақ ұлттар азшылығының проблемаларын зертте­геніме жиырма жылдан астам уақыт өтті. Қазір мен Қазақстанның этносаралық қарым-қатынасы мәселесіндегі әдістері өте тиімді деген ойға келдім. Мұндағы этностар арасында «шаңырағымыз ортақ, үйіміз бір» деген ұғым қалыптасқан. Міне осы ұғымның арқасында іске асырылып жатқан іс-шаралар тұрақтылықты қамтамасыз етеді, – деді Беате Эшмент.

Іс-шара барысында еліміздегі тұрақтылық пен бірлікті нығайту және дамыту жайы талқыланды.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»